xҚарақамыс негізгі мектебінде Отбасы күні мерекесіне орай жоспар жасалынып, сол жоспар бойынша жұмыстар атқарылды. Отбасы күнін өткізудің басты мақсаты – отбасы мәселесінің маңыздылығына, отбасы құндылығына және дәстүрлеріне қоғамның назарын аудару.
Отбасы мерекесі – бұл үлкендердің және балалардың арасындағы достық, махаббат, түсіністік және өзара көмек көрсету, бір туғандар жүрегінің бірігу мерекесі. Осыған байланысты «Отбасы-бақыт мекені» тақырыбында мектепте 11-15 қыркүйек аралығында отбасы күніне арналған апталық өткізілді. Апталықтың негізгі бағыттары: отбасы құндылықтары мен отбасы тәрбиесін дәріптеу. Атап айтсақ, 12 қыркүйек күні «Мен және менің спорттық отбасым» спорттық сайыс, 5-сыныптың ата-аналарымен өткізілді. Осы сайысқа 2 отбасы қатыса алады. «Бірінші сыныптағылардың ата-аналарына психологиялық көмек» атты ата-аналарға арналған кездесу өтті. Оған 1-сыныптың ата аналары мен сынып жетекшісі қатысты. Сонымен қоса, апталық аясында «Менің отбасым» 2-4 сыныптар арасында сурет көрмесі өткізілді. 9-сынып оқушыларының арасында «Өзгермелі әлем жағдайындағы отбасы» атты пікірталас ұйымдастырылды. Оқушылар 2 топқа бөлініп отбасы туралы, қазіргі отбасының қандай болу керектігіне пікір таластырды.
Отбасы – мемлекеттің берік іргесін қалайтын да, дәстүрлерін жалғастыратын да, ұрпақ тәрбиелейтін де қастерлі ұя. Сондықтан, отбасының мызғымас беріктігі мен тұрақтылығы біздің әрқайсымыздың қолымызда.